Қазақстанда азық-түлік нарығындағы баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру және делдалдық тізбектерді қысқарту жұмыстары жалғасуда. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері тауар өткізу тізбегінен 150 тиімсіз делдал шығарылған.
Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды. Жиында азық-түлік базарларындағы тәртіпті күшейту, көлеңкелі сауда схемаларын жою және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мәселелері қаралды.
Ведомствоның мәліметінше, негізгі мақсат – өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық делдалдарды азайтып, баға қалыптастыру тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта жұмыс тәжірибелік кезеңге көшкен. Ел өңірлерінде баға жағдайына айтарлықтай әсер ететін 63 ірі базар айқындалып, оларда мониторинг пен тексеру шаралары жүргізілуде. Соңғы уақытта «Алтын Орда» және «Барыс-4» сияқты ірі сауда нысандарын қоса алғанда, 18 базар тексерілген.
Тексеру нәтижесінде 486 заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында контрафактілік және таңбаланбаған өнімдерді өткізу, көлеңкелі айналым, кассалық тәртіптің бұзылуы, еңбек қатынастарының рәсімделмеуі және сауда орындарын бірнеше рет қосалқы жалға беру фактілері бар.
Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Кеңесте заңсыз өнім айналымы мәселесі де көтерілді. Бірқатар өңірлерде қажетті құжаттары мен таңбалауы жоқ импорттық тауық жұмыртқаларының сатылу фактілері анықталған. Нәтижесінде заңсыз айналымнан шамамен 32,5 мың дана жұмыртқа тәркіленді.
Мемлекеттік органдар тәркіленген өнімдерді жою кезінде міндетті бейнетіркеу жүргізу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.





