Бізге жазылыңыз:

Қазақстан ШЫҰ аясында қауіпсіз сауда мен өңірлік ынтымақтастықты күшейтуді қолдайды

Қазақстан ШЫҰ аясында қауіпсіз сауда мен өңірлік ынтымақтастықты күшейтуді қолдайды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шолпан-Атада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Кездесу барысында тараптар халықаралық ахуал, сыртқы саяси үйлестіруді күшейту және 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкекте өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық мәселелерін талқылады.

Министр өз сөзінде Қазақстанның ШЫҰ қызметін қолдауды жалғастыратынын айтып, Ұйым институттарын қазіргі қауіп-қатерлерге бейімдеудің маңызын атап өтті.

Ермек Көшербаев халықаралық сауда мен логистиканың қауіпсіздігіне ерекше тоқталды.

«Бүгінде жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі барған сайын өзекті бола түсуде. Бұған энергетикалық инфрақұрылымға және Қазақстан мұнайын тасымалдауға пайдаланылатын танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел», – деді министр.

Сондай-ақ Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынып, Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамаларына қолдау білдіруге шақырды.

Отырыс қорытындысында ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясының жобасы мен Ұйымның тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар құжат мақұлданды. Сонымен қатар сыртқы істер министрлері Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесу өткізіп, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ұқсас материалдар