Бізге жазылыңыз:

Қазақстан су тасқынының алдын алуға арналған америкалық технологияларды тартпақ

Қазақстан су тасқынының алдын алуға арналған америкалық технологияларды тартпақ

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Dynamic Aviation және Airborne Snow Observatories Inc. компанияларының өкілдерімен кездесті. Аталған компаниялар қар жамылғысын авиациялық әдіспен мониторингтеуге маманданған. Кездесуге Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің өкілдері де қатысты.

Тараптар қар жамылғысын бақылау, көктемгі су ағынын болжау және су тасқыны қаупін ерте ескерту бағыттарындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ су бассейндері бойынша деректер жинау, картографиялық материалдар мен талдамалық есептер дайындау және алынған мәліметтерді министрліктің қолданыстағы модельдері мен ақпараттық жүйелеріне енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөз қорытындысы бойынша бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны белгілі болды. Алғашқы кезеңде жұмыс Жабай өзені бассейнінде жүргізіледі. Мұнда авиациялық технологиялар арқылы қар жамылғысы жоғары дәлдікпен өлшеніп, алынған деректер министрліктің модельдік жүйелеріне енгізіледі. Бұл әдістемені сынақтан өткізуге, жергілікті мамандарды даярлауға және бағдарламаны басқа өңірлерге кеңейту мүмкіндігін бағалауға мүмкіндік береді.

Келесі кезеңдерде мониторинг пен болжау жүйесі қосымша су жинау бассейндеріне және басым өңірлерге таратылады. Бұл су ресурстарын басқару сапасын арттыруға, деректерді интеграциялауға және техникалық мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған. Ұзақ мерзімді жоспарда мұндай технологияларды бүкіл Қазақстан аумағына енгізу көзделіп отыр. Бұл су ресурстарын кешенді басқаруға, су тасқыны қаупін азайтуға, су қоймаларын тиімді пайдалануға және климаттық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандық мамандарды оқыту, деректерге қолжетімділік пен оларды басқару, сондай-ақ жобаны іске асыруға қатысатын ұйымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселелері қарастырылды.

«Қазақстан үшін тек заманауи деректер ғана емес, сонымен бірге су тасқыны қаупін алдын ала анықтап, басқарушылық шешім қабылдауға мүмкіндік беретін практикалық құрал маңызды. Бұл халықты, инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығын қорғауға көмектеседі», — деді вице-министр Аслан Абдраимов.

Кездесу қорытындысында тараптар бағдарламаны кезең-кезеңімен іске асыру бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Бұған дейін Қазақстанда сегіз өзен бассейні үшін немістің TALSIM жүйесі енгізіліп жатқаны хабарланған болатын. Бұл жүйе су қоймаларына түсетін су көлемін болжауға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар