Қазақстан орнықты даму саласындағы халықаралық рейтингтегі позициясын нығайтты. 2026 жылғы Sustainable Development Report қорытындысына сәйкес, ел Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу индексінде 169 мемлекеттің арасында 67-орынға жайғасты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш сатыға жоғары көрсеткіш.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Қазақстан 167 елдің ішінде 70-орында болған.
Жаңа рейтингте Қазақстан G20 құрамындағы бірқатар мемлекеттерді, соның ішінде Индонезияны, Мексиканы, Түркияны, Үндістанды және Сауд Арабиясын басып озды.
Елдің негізгі жетістіктерінің бірі ОДМ 6 – «Таза су және санитария» бағыты бойынша тіркелді. Атап айтқанда, халықтың базалық ауыз су қызметтеріне қолжетімділігі 95,4%-дан 97,8%-ға дейін өсті. Сонымен қатар тұщы су алу көлемі азайып, су тапшылығы байқалатын өңірлердің ресурстарын пайдалануды талап ететін импорттық өнімдердегі су көлемі де қысқарған.
Сондай-ақ әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инновацияларды қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттарында да оң динамика байқалады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын мемлекеттік саясатқа енгізу мәселесіне арналған SDSN сараптамалық сауалнамасына енген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет атанды.
Сарапшылардың пікірінше, рейтингтегі позицияның жақсаруы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетіп, елдің орнықты, инклюзивті және ұзақ мерзімді даму қағидаттарына бейілділігін растайды.





