Мәжіліс «Бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Құжаттың мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық өнімдердің Парсы шығанағы нарығына шығуына қолайлы жағдай жасау.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында қол қойылған.
Келісім аясында тауар номенклатурасының 85%-дан астамы бойынша импорттық кедендік баждарды алып тастау көзделген. Сонымен қатар құжат саудадағы техникалық кедергілерді азайту, санитариялық және фитосанитариялық талаптарды үйлестіру, кедендік ынтымақтастықты дамыту және ішкі нарықты қорғау тетіктерін қамтиды.
Кедендік баждарды жою кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл бизнеске жаңа сауда талаптарына бейімделуге мүмкіндік беріп, өзара сауданы біртіндеп ырықтандыруға жағдай жасайды.
Министрдің айтуынша, келісімнің күшіне енуі қазақстандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық тауарлардың БАӘ нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ құжат екі тарап арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға және жаңа инвестициялық әрі іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Ведомствоның мәліметінше, заңды ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және қандай да бір теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді.





