Бізге жазылыңыз:

Қазақстан минералды тыңайтқыш өндірісін арттырады

Қазақстан минералды тыңайтқыш өндірісін арттырады

Қазақстанда минералды тыңайтқыштардың отандық өндірісін дамыту агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын қамтамасыз етудің және химия өнеркәсібінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Елде қосылған құны жоғары өнім шығаруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Минералды тыңайтқыштар негізгі үш топқа бөлінеді: азот, фосфор және калий. Қазақстан фосфор тыңайтқыштарын өндіруде тәжірибесі бар мемлекет болғанымен, қазіргі кезеңдегі басымдықтардың бірі — азот және калий тыңайтқыштарының өндірісін жолға қою.

Маңғыстауда ірі химиялық кешен салынады

Азот тыңайтқыштары сегментіндегі негізгі жобалардың бірі — Маңғыстау облысында KazAzot Prime ЖШС жүзеге асырып жатқан заманауи интеграцияланған химиялық кешен.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын құрайды деп жоспарланып отыр.

Кешенді 2030 жылы іске қосу Қазақстанның аммиак өндіру қуатын үш еседен астам арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елде алғашқы өнеркәсіптік карбамид өндірісі құрылып, шамамен 700 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Өндірістің интеграцияланған моделі шикізатты өңдеу деңгейін де арттыруға бағытталған. Өндірілетін 660 мың тонна аммиактың шамамен 543 мың тоннасы карбамид пен аммиак селитрасын өндіруге жұмсалмақ.

Жобаның экспорттық әлеуеті жылына шамамен 470 мың тонна карбамид және 98 мың тонна аммиак селитрасы деңгейінде бағаланып отыр. Халықаралық трейдингтік компаниялармен жасалған келісімдер жоспарланған экспорт көлемінің 100%-ына дейін Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жеткізуге мүмкіндік бермек.

Қазақстанда калий тыңайтқышы өндірісі пайда болады

Калий тыңайтқыштары бағытындағы стратегиялық жобалардың бірі — Qazaq Kalium LTD компаниясының Сатимола кен орны негізінде өндіріс құру жоспары.

Кәсіпорынды 2030 жылға қарай іске қосу жоспарланып отыр. Жобалық қуаты жылына 1,5 млн тонна дайын өнімді құрайды.

Қазір Қазақстанда калий тыңайтқыштарын өндіру жоқ. Соған қарамастан елде калий тұзының расталған қоры 6,6 млрд тоннадан асады.

Ішкі ауыл шаруашылығының қазіргі қажеттілігі жылына шамамен 14 мың тонна болғандықтан, бұл нарық толығымен импортқа тәуелді. Болашақта сұраныс 300 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін.

Тіпті осындай деңгейдегі ішкі тұтынудың өзі Qazaq Kalium жобасының өндірістік қуатының шамамен 20%-ын ғана құрайды. Бұл кәсіпорынның экспортқа айтарлықтай көлемде өнім шығару мүмкіндігін көрсетеді.

Тыңайтқышқа ішкі сұраныс артып келеді

Минералды тыңайтқыштарға сұраныс Қазақстанның өзінде де тұрақты өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, фермерлер 2023 жылы 679 мың тонна тыңайтқыш пайдаланған.

2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млн тоннаға, ал 2025 жылы 1,8 млн тоннаға жетті. 2026 жылы тыңайтқыш қолдану көлемін 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің шамамен 73%-ына сәйкес келеді.

Тыңайтқыштарды көбірек пайдалану топырақ құнарлылығын сақтауға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және аграрлық өндірістің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Қазақстанда тыңайтқыш қолдану деңгейі әлі де әлемдік көрсеткіштен төмен. Қазіргі уақытта елімізде гектарына орта есеппен 25–35 кг минералды тыңайтқыш енгізіледі. Әлемдік орташа көрсеткіш гектарына шамамен 150–160 кг деңгейінде.

Ішкі сұраныстың әрі қарай өсуіне фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау да ықпал етуде. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тыңайтқыш құнының 60%-на дейін өтемақы беріледі.

Импортты алмастырудан экспортқа дейін

Азот, фосфор және калий тыңайтқыштары өндірісін қатар дамыту Қазақстанға ішкі нарықтың негізгі тыңайтқыш түрлеріне қажеттілігін біртіндеп толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл ауыл шаруашылығының импортқа тәуелділігін төмендетіп қана қоймай, химия өнеркәсібінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жаңа тұрақты экспорттық бағыт қалыптастыруға жағдай жасайды.

Осылайша, KazAzot Prime және Qazaq Kalium сияқты ірі жобалардың іске қосылуы Қазақстанның тыңайтқыш нарығын дамытуға, агросектордың өнімділігін арттыруға және елдің химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін күшейтуге ықпал етуі мүмкін.

Ұқсас материалдар