Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Жапония өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтеді

Қазақстан мен Жапония өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтеді

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Кенжи Ямадамен кездесті. Келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастық пен өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту перспективалары қаралды.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Сол сапар аясында жалпы сомасы $3,7 млрд-тан асатын 60 коммерциялық келісімге қол қойылған болатын. Олардың бір бөлігі Қазақстанның өнеркәсіп орындарына жапон технологиялары мен озық шешімдерді енгізуге бағытталған.

$940 млн болатын 17 жоба іске асырылуда

Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Жапониямен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық байланыстар айтарлықтай нығайған.

«Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Соңғы жылдары экономика, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы қарым-қатынасымыз айтарлықтай нығайды. Бүгінде өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы сомасы шамамен $940 млн болатын 17 бірлескен жоба іске асырылуда, оның 10-ы сәтімен пайдалануға берілді. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда. Біз барлық инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді министр.

Кездесуде сондай-ақ биыл желтоқсанда Астанада өтетін Қазақстан мен Жапония арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысына дайындық мәселесі талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға және бірлескен инвестициялық әрі өнеркәсіптік жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Ұқсас материалдар