Аталған тәжірибе Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азия елдеріне азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретіндегі маңызды қадамы ретінде қарастырылып отыр.
Экспорттық әлеуетті ұн, ет, сүт өнімі, сондай-ақ майлы дақыл есебінен арттыруға болады.
Осыған байланысты қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жандандырып, оған ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысы кезінде қол қоюды ұсынды.Көлік-логистика саласында вьетнамдық әріптестерге Оңтүстік теңіз бағытымен салыстырғанда жүк жеткізу мерзімін 3-4 есе қысқартуға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағыты («Орта дәліз») инфрақұрылымын кеңінен пайдалану туралы айтылды. Қазақстан оңтайлы логистикалық жағдай жасауға, бірлескен жобаларды, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен автомобиль жасауды дамытуға дайын екендігін білдірді.
Сондай-ақ 2026 жылы Ханой — Алматы — Прага бағыты бойынша VietJet Air тұрақты рейсін іске қосу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Астана мен Ханой арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Алматы — Хошимин рейсін қалпына келтіруді қарастыру ұсынылды.Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жаңаша даму үстінде. Қазақстанда Вьетнам капиталының қатысуымен бірқатар жоба, соның ішінде Алматы облысында Ak Bulak Village туристік кешені мен Қонаев қаласының «Арна» индустриялық аймағында инвестиция көлемі $90 млн болатын азық-түлік өндіру зауытының құрылысы іске қосылуда.
Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның шешуші рөлін атап өтіп, оның кезекті отырысын биылғы маусым-шілдеде өткізуді қарастырмақ. Сондай-ақ биыл Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылады.
Нгуен Хоа Бинь Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дәстүрлі достықты атап өтіп, аймақаралық өзара іс-қимылды қосқанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі бастамаларды қолдап, сондай-ақ Хошиминде қаржы орталығын құруға орай, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі қазақстандық тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысында вьетнамдық тарап Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесінің құрылуын қолдады. Бұл үшін өзара сауда көлемін одан әрі арттыруда елеулі әлеует бар.





