Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң мақұлданды. Екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруді көздейтін құжатқа Мемлекет басшылары Қазақстан Президентінің Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында 2024 жылғы 22 тамызда Душанбеде қол қойған.

- Өздеріңізге мәлім, Тәжікстан еліміз үшін маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері мен түрлі платформаларда өзара кездесулері екіжақты ынтымақтастықты сапалы түрде тереңдетуге серпін берді. Парламентаралық байланыстар айтарлықтай жандана түсті. Жыл сайын Үкіметаралық комиссияның отырыстары өткізіледі, өңірлер арасындағы байланыстар жолға қойылған. Мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады. Қазір екі елдің үкіметтері бұл көрсеткішті 2 млрд долларға дейін ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, - деді сенатор Дархан Қыдырәлі.
26 бабтан тұратын Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзиттік, азық-түлік, өнеркәсіптік, су-энергетикалық, экологиялық, цифрлық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту көзделеді. Сонымен қатар, бұл құжат аясында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты да одан әрі нығайтуды қолдайды.

- Осындай шарт бұдан бұрын аймақта көршілес Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен жасалғаны белгілі. Сондықтан, аталған Шарт Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түседі деген сенімдеміз. Шартты ратификациялау – аймақтағы саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстарды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту арқылы екі елдің ырысты ынтымағына берік негіз болады деген ойдамыз. Осыған байланысты Шарт елдеріміздің мүдделеріне толық сай келеді деп пайымдаймыз. Тәжікстан тарапы ратификация рәсімдерін аяқтағаны туралы 2025 жылғы 17 қаңтарда ноталық тәртіппен хабарлады, - деді депутат.

Ұқсас материалдар