Қазақстан мен Сауд Арабиясы тау-кен өндірісі мен стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді.
Қазақстан мен Сауд Арабиясы тау-кен өндірісі және аса маңызды минералдарды игеру бағытындағы бірлескен жобаларды дамытуға ниетті. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Astana Mining & Metallurgy 2026» халықаралық конгресі аясында Сауд Арабиясының өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар әл-Хураифпен кездесуінде талқыланды.
Үкіметтің мәліметінше, Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Тараптар екі ел басшыларының қолдауының арқасында қалыптасқан сенімді әріптестік байланыстардың стратегиялық маңызын атап өтті.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы 17%-ға өсіп, 11,7 млн АҚШ долларына жетті. Ал 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында өзара сауда көлемі 2,9 есеге артып, 6,1 млн доллардан асты.
Соңғы жиырма жылда Сауд Арабиясынан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 115,3 млн долларды құрады. Биыл ақпанда қол қойылған Қазақстан – Сауд Арабиясы үйлестіру кеңесін құру туралы келісім мен инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру жөніндегі құжаттар жаңа жобаларды іске асыруға қосымша серпін береді деп күтілуде.
Кездесу барысында тараптар пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту мәселелерін талқылады. Ерекше назар стратегиялық минералдар саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларға аударылды.
Келіссөз қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы тау-кен металлургия кешені мен аса маңызды минералдар бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.





