
Қазақстан мен Ресей Қытайға газ жеткізуге арналған жаңа құбыр құрылысын талқылап жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жылына 10 млрд текше метрге дейін тауарлық газ жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Бұл газбен мына өңірлерді қамту көзделуде: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары және Астана қаласы.
Жоба халықты, әлеуметтік нысандарды және өнеркәсіптік жобаларды газбен қамтамасыз етіп, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге септігін тигізеді.
Қазіргі уақытта газ бағасы, инвестициялық көлемі және жобаны іске асыру мерзімі бойынша нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл мәліметтер жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлегеннен кейін белгілі болады.