Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики бастаған делегациямен кездесуі өтті.
Кездесуге сондай-ақ Әбу-Даби Сот департаменті басшысының орынбасары Юсеф Әл Абри, Әбу-Дабидің Бас прокуроры Али Әл Блоши және БАӘ Сот әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Әділет министрлігінің негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, елде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалар мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жетістіктер туралы айтты.
Тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Келіссөздер қорытындысында сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату және сот-сараптама қызметін дамыту салаларындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу соңында Қазақстан мен БАӘ өкілдері диалогтың нәтижелі өткенін атап өтіп, құқықтық саладағы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.