ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан қор биржасында енді араб дирхамымен де сауда жасауға болады
Бүгіннен бастап Қазақстан қор биржасы (KASE) валюта нарығындағы құралдар тізбегін кеңейтіп, араб дирхамы қатысатын сауда-саттықты іске қосты.Енді нарыққа қатысушылар AED/KZT (араб дирхамының теңгеге шаққандағы бағамы) және USD/AED (АҚШ долларының дирхамға шаққандағы бағамы) жұптары бойынша операциялар жүргізе алады. Мәмілелер есеп айырысудың бірнеше мерзімі бойынша жүзеге асырылады:
T+0 (TOD) — есеп айырысу мәміле жасалған күні орындалады;
T+1 (TOM) — есеп айырысу келесі жұмыс күні орындалады;
T+2 (SPT) — есеп айырысу екі жұмыс күнінен кейін орындалады.
KASE өкілдері валюталық құралдар тізбегін кеңейту нарық қарқындылығын арттыруға, құралдарды әртараптандыруға және қатысушылар үшін валюталық тәуекелдерді басқаруда қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталғанын атап өтті.