Қазақстан 2026 жылдың мамыр айында Германияға мұнай жеткізбеген. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мен «Баку–Тбилиси–Джейхан» (БТД) бағыты арқылы экспорт көлемі де төмендеген. Бұл туралы Reuters агенттігі «ҚазТрансОйл» компаниясының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Мамыр айында Ақтау порты арқылы БТД құбырына 125 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 мың тоннаға аз. Ал КҚК жүйесіне айдалған мұнай көлемі 395 мың тоннаны құрап, бір жылда 102 мың тоннаға қысқарды.
Сонымен бірге «ҚазТрансОйл» Германия бағытына мамыр айында мұнай экспортталмағанын мәлімдеді.
Алайда басқа бағыттарда өсім байқалды. «Өзен–Атырау–Самара» құбырының «Атырау–Самара» учаскесі арқылы тасымал көлемі 654 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға артты. Оның ішінде Усть-Луга портына 301 мың тонна, Новороссийск портына 353 мың тонна мұнай жөнелтілген.
Қытай бағыты да оң динамика көрсетті. Мамыр айында «Атасу–Алашаңкөл» мұнай құбыры арқылы Қытайға 83 мың тонна қазақстандық мұнай экспортталды, бұл өткен жылдың мамыр айынан 4 мың тоннаға көп. Сонымен қатар осы бағытпен тасымалданған Ресей мұнайының транзиті 859 мың тоннаға жетіп, 7 мың тоннаға ұлғайды.
Айта кетейік, Германияға «Достық» (Дружба) құбыры арқылы, Түркияның Джейхан портына БТД бағытымен және Қытайға экспорттау Қазақстан үшін мұнай жеткізуді әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды балама маршруттар саналады. Бұл бағыттар Ресей порттарына тәуелділікті азайтуға көмектеседі.





