
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бір адамға шаққандағы табиғи газды тұтыну көлемі жағынан әлемдегі алдыңғы елдердің қатарынан көрінді – жылына 10,9 мың кВт∙сағ. Бұл көрсеткіш соңғы он жылда 70%-ға артқан.
Салыстырар болсақ, әлемде орташа көрсеткіш – 5 мың кВт∙сағ, Азияда – небәрі 3,5 мың кВт∙сағ. Еуроодақ елдерінде соңғы он жылда газ тұтыну 16,1%-ға қысқарған.
🔹 Қазақстанда жалпы тұтыну 214 ТВт∙сағ-қа жетті. Бұл көрсеткіш он жылда екі есе артқан.
Бұл – елдегі газдандыру деңгейінің артуымен (60%-дан астамы газға қосылған), электр станциялардың газға көшуімен және халықтың қажеттіліктерімен байланысты.
Алайда ресурстарды ұтымсыз пайдалану экологияға кері әсер етеді, әрі газ қорының тез таусылуына әкелуі мүмкін.
📉 Energy Institute деректеріне сәйкес, дәл қазіргі тұтыну қарқынымен газдың дәлелденген қоры 47 жылға ғана жетеді. Сондықтан энергияны үнемдеу, үйлерді жылыту, заманауи қазандықтар орнату және бөлме температурасын тиімді реттеу – болашақ үшін маңызды қадам.