Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемнің үздік 25 елі қатарына енді
Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орынға көтеріліп, электрондық үкімет саласындағы ең үздік 25 мемлекеттің қатарына енді. Бұл көрсеткіш елдегі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде жарияланып, осы бағытта 8 стратегиялық бағыт пен 100 бастаманы қамтитын кешенді жоспар іске асырылуда. Оның негізін 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы құрайды.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электрондық форматта, ал 95,9%-ы смартфон арқылы қолжетімді. 2025 жылдың басынан бері азаматтарға 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар 39 цифрлық құжат қағаз нұсқасының толық баламасы ретінде енгізілді.
Жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналып келеді. eGov AI интеллектуалды көмекшісі қазірдің өзінде 2 миллионнан астам сұранысты өңдеп, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен байланыс орталықтарына түсетін жүктемені азайтты. Алдағы уақытта eGov AI мен AlemGPT платформалары арқылы мемлекеттік қызметтерді табиғи тілде алу мүмкіндігі кеңейтіледі.
Цифрлық трансформация тек мемлекеттік қызметтермен шектелмейді. Astana Hub экожүйесінде бүгінде 2 мыңнан астам IT-компания жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд долларға жетсе, елде алғашқы технологиялық unicorn – Higgsfield.ai компаниясы пайда болды.
Инфрақұрылымдық жобалар да қарқынды дамуда. Қазақстанда ұлттық суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 рейтингінде 104-орынға ие болды. Сонымен қатар қуаты 1 ГВт болатын «Деректер орталықтарының алқабын» құру жобасы басталды.
Телекоммуникация саласында соңғы үш жылда 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, интернеттің қолжетімділігі 99%-ға жеткізілмек.
Қазақстан халықаралық деңгейде де жасанды интеллект саласындағы бастамаларын күшейтіп келеді. Ел БҰҰ алаңында және әлемдік технологиялық компаниялармен бірлескен жобалар арқылы өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтып отыр.





