Бізге жазылыңыз:

Қазақстан экономикасы жеті айда 4,1%-ға өсті

Қазақстан экономикасы жеті айда 4,1%-ға өсті

Мұнай өндірудің төмендеуіне қарамастан, экономикалық өсімді өңдеу өнеркәсібі мен басқа да шикізаттық емес секторлар қамтамасыз етті.

Қазақстан экономикасының өсімі 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында 4,1%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш бірінші жартыжылдықтағы деңгейде сақталды.

Экономикалық өсімнің негізгі драйвері шикізаттық емес сектор болды. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, жыл басынан бері бұл сектор 5,4%-ға өскен.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім 9%-ды құрады. Машина жасау 22%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 13,9%-ға, химия өнеркәсібі 26,9%-ға, фармацевтика 38,5%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіру 35%-ға артты.

Құрылыс саласында өсім 15,3%, көлік және қойма шаруашылығында 7,4%, саудада 5,9%, ауыл шаруашылығында 5%, байланыс саласында 4,3% болды.

Бұл ретте қаңтар–шілде айларында мұнай өндіру көлемі 8,9%-ға төмендеп, 53,2 млн тоннаны құрады. Соған қарамастан, экономика өсімінің сақталуы Қазақстанның шикізат секторына тәуелділігін біртіндеп азайтып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібін, көлік инфрақұрылымын дамытуға, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық беріліп келеді. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің ЖІӨ құрылымындағы үлесі 7,8%-ға дейін қысқарды.

Осылайша, биылғы жеті айдағы көрсеткіштер экономиканың өсуінде өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да шикізаттық емес салалардың рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас материалдар