Қазақстанда 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында экономиканың нақты секторын ауқымды цифрлық трансформациялау басталады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Жоба агроөнеркәсіптік кешенді, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті, мұнай-газ саласын, қаржы секторын және шағын және орта бизнесті қамтиды. Негізгі мақсат – еңбек өнімділігін арттыру, шығындарды азайту және қазақстандық бизнестің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Стратегия шеңберінде жасанды интеллект, цифрлық егіздер, үлкен деректерді талдау және интеллектуалды басқару жүйелері кеңінен енгізіледі. Сонымен қатар есептеу қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректер орталықтарының алқабы» жобасы іске асырылады. Ол робототехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер мен ғарыш технологияларын дамытуға негіз болады.
Министрлік мемлекеттік реттеуді де цифрландыруды жоспарлап отыр. Бірыңғай цифрлық талаптар тізілімі, интеллектуалды салықтық әкімшілендіру, цифрлық таңбалау және B2B электрондық құжат айналымы енгізіліп, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту көзделген.
Сондай-ақ ұлттық жобалар арқылы энергетика, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және ШОБ салаларында цифрлық шешімдер кеңейтіледі. Автономды технологиялар бағыты бойынша Қазақстанның кемінде үш қаласында ұшқышсыз такси мен автономды жеткізу сервистерін сынақтан өткізу жоспарланған.
Толық ақпарат ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми сайтында жарияланған.





