Банк қолдауымен көлік, білім беру, экология, жасыл технологиялар және цифрландыру салаларындағы жобаларға $8 млрд-тан астам қаржы бағытталған
Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығының 33 жылы ішінде жалпы сомасы $8 млрд-тан асатын 50-ден астам жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездесуде айтты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі экономикалық жағдайды, реформалардың басым бағыттарын, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін және алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Серік Жұманғарин Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ұзақ жылдар бойғы ынтымақтастық аясында көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологиялар және цифрландыру бағыттарында бірқатар ірі жоба іске асырылған.
Инфрақұрылымға басымдық берілмек
Кездесудің негізгі бөлігі инфрақұрылымды дамыту және оны қаржыландыру тетіктеріне арналды.
Дүниежүзілік банк өкілдері инфрақұрылымдық инвестицияларды институционалдық және реттеуші реформалармен қатар жүргізудің маңызын атап өтті. Мұндай тәсіл жобалардың тиімділігін арттырып, өнімділік пен инновацияның дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Қазақстан тарапы инфрақұрылымды дамыту мәселесін тек ел ішіндегі қажеттіліктер тұрғысынан емес, аймақтық байланыстарды күшейту контекстінде де қарастырып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Орталық Азияны басқа өңірлермен байланыстыратын көлік дәліздерін одан әрі дамыту мәселесі көтерілді.
«Қазақстанның инфрақұрылымы – Орталық Азияның ірі бірыңғай инфрақұрылымдық тізбегін құрудағы алғашқы қадам ғана. Сөз тек біздің ішкі жолдарымыз бен теміржолдарды жақсарту туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жолдардың барлығы біз үшін және көрші елдер үшін тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», — деді Серік Жұманғарин.
Өз кезегінде Абебе Адугна Қазақстан экономикасындағы өсім мен инвестициялық белсенділіктің оң динамикасын атап өтті.
Дүниежүзілік банк халықаралық тәжірибені ескере отырып, инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бағытында Қазақстан тарапымен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.





