2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанның банк секторының таза пайдасы азайды. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, сектордың жиынтық пайдасы наурыз айында тағы да төмендеп, үшінші ай қатарынан құлдыраған.
Қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға азайып, 592,2 млрд теңгені құрады, Былтыр банктер үш айда 664 млрд теңге таза пайда тапқан.
Айта кетерлігі, ақпан айында сектордың жиынтық табысы 13,3%кеміп, 2019 жылғы дағдарыс кезеңінен бергі ең нашар көрсеткіш ретінде тіркелген еді.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары биыл банк секторының пайдасы қысқарады деген болжам жасаған. Оған экономикалық белсенділіктің баяулауы, салық жүктемесінің артуы және мемлекеттік несие бағдарламаларының нарық заңдылығын бұзуы себеп болады.
2025 жылдың соңындағы дерек бойынша, экономикалық белсенді халықтың 90%-ның несиесі бар.
Әсіресе, бөлшек несие алушылардың 63%-ы пайдаланатын «бөліп төлеу» (BNPL) құралы тұтынушылық сұранысты жасанды түрде арттырып, инфляциялық қысымды күшейтіп тұр.





