Бізге жазылыңыз:

Қазақстан банктері жаңа лицензиялау жүйесіне көшеді

Қазақстан банктері жаңа лицензиялау жүйесіне көшеді

Қазақстанның банк секторында ауқымды реформа басталды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі саланы жаңғырту үшін 82 нормативтік құқықтық акт қабылдауды жоспарлап отыр. Жаңа ережелер банктерді лицензиялау жүйесін өзгертіп, цифрлық активтер нарығын реттеуді күшейтеді. Сонымен қатар исламдық қаржыландыруға қойылатын талаптар жаңартылып, проблемалық банктерді сауықтырудың жаңа тетіктері енгізіледі.

Реформа үш кезеңде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта банктер туралы жаңа заңды іске асыру үшін 68 нормативтік құжат қабылданған. Келесі кезеңде банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу, қадағалау жүйесі және қаржы омбудсмені институтына қатысты 12 акт әзірленеді. Соңғы кезеңде қаржы ұйымдарының деректер базасын қалыптастыру мен жаңартуға арналған екі құжат қабылданады.

Банктерге бірыңғай лицензия беріледі

Реформаның негізгі бағыттарының бірі – банктерді саралап реттеу жүйесін енгізу. Осыған байланысты қолданыстағы екінші деңгейлі банктердің лицензиялары әмбебап банк лицензиясы ретінде қайта рәсімделеді.

Реттеушінің мәліметінше, бұл банктердің қызметін бірыңғай құқықтық режимге көшіруге мүмкіндік береді.

Ал базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктер үшін активтердің шекті көлемі мен жеке тұлғалардан тартылатын депозиттердің ең жоғары мөлшері белгіленеді.

Цифрлық активтерге бақылау күшейеді

Цифрлық қаржы нарығының дамуына байланысты пруденциялық талаптар да қайта қаралады. Банктердің цифрлық қаржылық активтермен жүргізетін операциялары үшін тәуекелдерді есептеу тәртібі өзгереді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк банктердің цифрлық активтермен, оның ішінде стейблкоиндермен мәміле жасау қағидаларын бекітеді. Мұндай операциялар тек реттелетін цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылып, қатаң бақылауға алынады.

Исламдық қаржыландыруға жаңа талаптар қойылады

Реформа исламдық банк секторын да қамтиды. Әмбебап лицензиясы бар банктердегі исламдық қаржы өнімдерін ұсынатын бөлімшелер үшін жеке пруденциялық нормативтер енгізіледі.

Исламдық операцияларды жүзеге асыруға арналған активтердің ең төменгі көлемі 1 млрд теңгеден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар дәстүрлі және исламдық операциялардың өтімділік көрсеткіштері бөлек есептеледі.

Жоғары сапалы исламдық бағалы қағаздарды жоғары өтімді активтер қатарына енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдау шарттары өзгереді

Төлем қабілеті төмендеген банктерді реттеу үшін арнайы дағдарысқа қарсы жүйе қалыптастырылады. Осы бағытта банктің қаржылық жағдайының нашарлау деңгейіне қарай кезең-кезеңімен қолданылатын тоғыз нормативтік акт әзірленеді.

Жүйелі маңызы бар банктер мемлекеттен көмек сұрамас бұрын өз шығындарын өздері өтеуге міндетті болады.

Ал мемлекеттік қолдау көрсетілген жағдайда банк акциялары кейіннен жаңа инвесторларға сатылуы тиіс. Мемлекет жұмсаған қаражат банк секторы қатысушыларының міндетті жарналары арқылы өтеледі. Бұл жарналардың көлемі сектор міндеттемелерінің 0,2 пайызынан аспайды.

Қадағалауға жасанды интеллект тартылады

2026 жылдан бастап банк секторын қадағалау талаптары күшейеді. Банктердің директорлар кеңесі мүшелерінің тәуелсіздігіне қатысты критерийлер нақтыланып, арнайы тәуелсіздік декларациясын тапсыру міндеттеледі.

Сондай-ақ ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару және аудит қызметтері басшыларының кәсіби тәжірибесіне қойылатын талаптар қатаңдайды.

Бұдан бөлек, исламдық қаржыландыру қағидаттарының сақталуын бақылау үшін арнайы кеңестер мен мамандандырылған құрылымдық бөлімшелер құру талап етіледі.

Жаңа реформалар банк секторының тұрақтылығын арттыруға, цифрлық қаржы нарығын реттеуге және халықаралық стандарттарға жақындауға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет есебінен банктерді құтқару тәжірибесін қысқартып, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.

Ұқсас материалдар