Бізге жазылыңыз:

Қазақстан банктері қалпына келтіру жоспарын әзірлейді

Қазақстан банктері қалпына келтіру жоспарын әзірлейді

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктердің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру жоспарларына қойылатын жаңа талаптарды бекітті. 2026 жылғы 27 шілдеде қол қойылған қаулыға сәйкес, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен шетелдік банктердің филиалдары мұндай жоспарларды жыл сайын әзірлеп, 30 сәуірге дейін реттеуші органға ұсынуға міндетті.

Жоспарларда қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қабылданатын шаралар кешені қамтылуы тиіс. Сонымен қатар құжатта мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану қарастырылмайды. Банктер қаржылық тұрақтылықты өз қаражаты, акционерлердің қолдауы және нарықтық қаржыландыру құралдары есебінен қалпына келтіруі қажет.

Құжатта капиталды толықтыру тетіктері, акциялар мен облигациялар шығару, банкаралық нарықтан қаржы тарту, репо операциялары, активтерді сату, дивидендтер төлеуді шектеу және басқа да шаралар көзделуі тиіс. Жоспарды іске асыру мерзімі 12 айдан аспауы қажет.

Сонымен қатар банктер қаржылық жағдайдың нашарлауын ерте анықтайтын мониторинг жүйесін енгізіп, тұрақты түрде стресс-тестілеу жүргізуге міндеттеледі. Көпшілік банктер кемінде үш, ал жүйе құраушы банктер кемінде төрт дағдарыс сценарийін әзірлеуі тиіс. Олар макроэкономикалық ахуалдың нашарлауы сияқты сыртқы тәуекелдермен қатар, депозиттердің әкетілуі немесе операциялық іркілістер секілді ішкі факторларды да қамтиды.

Жаңа талаптарға сәйкес банктер қағаз жүзіндегі жоспармен ғана шектелмей, дағдарыс сценарийлерін тәжірибе жүзінде пысықтап, қабылданған шаралардың тиімділігін тексеруге міндетті. Сонымен қатар жоспарлар жыл сайын жаңартылып қана қоймай, ірі акционерлер ауысқан немесе банк қызметінің ауқымы едәуір өзгерген жағдайда 30 күн ішінде қайта қаралуы тиіс.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА), NBK материалы негізінде.

Ұқсас материалдар