Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуде ЕАЭО елдерінің негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуі, агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын материалдық-техникалық ресурстарды импортты алмастыру және ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту тетіктері қарастырылды.
Қазақстан бүгінде әлемдегі жетекші астық экспорттаушы алғашқы он елдің қатарына кіреді және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу көлемін тұрақты түрде арттырып келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның АӨК өнімдерінің экспорты 7 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 51%-ын қайта өңделген өнімдер құрады. Бұл елде қосылған құны жоғары өнім өндірісінің үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.
«Біз астықтың негізгі экспорттаушыларының біріміз, алғашқы ондыққа кіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімінің экспорты 7 млрд долларды құрады. Оның 51%-ы өңделген өнімдер, яғни ауыл шаруашылығындағы дайын өнімдер. Жалпы, біз алдағы уақытта АӨК өнімдерінің сыртқы елдерге экспорты көлемін кеңейтіп, қайта өңдеуді дамытатын боламыз», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және қазақстандық агроөнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі басымдықтардың бірі болады.





