— Келісім екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттердің аумақтарына тепе-тең негізде келу және болу тәртібін оңайлату, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болу мерзімін белгілеу, жарамды жол жүру құжаттарын айқындау мақсатында әзірленген, — деді сенатор Қайрат Тастекеев.
Ратификациялауға ұсынылып отырған келісім аясында екі ел азаматтары үшін бірдей негізде тиісті мерзім бекітілді.
— Біріншіден, екі ел азаматтары үшін бірдей негізде 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Бірақ олардың есепке тұрмай болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс.
— Екіншіден, бір тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелуден босатылады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар осы мемлекеттің құзыретті органдарында тіркелуге міндетті.
— Үшіншіден, Келісіммен шетелге жол жүруге арналған жарамды жол жүру құжаттар тізбесі айқындалған. Ондай құжаттар ретінде Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік, ал Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы және басқа да құжаттар белгіленеді.
— Келісімді ратификациялау өзара уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға және саяси, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді. Келісімді Армения Республикасы 2024 жылғы 15 қарашада ратификациялады, — деді депутат.





