Қазақстан Ауғанстанның негізгі экономикалық өңірлері саналатын Герат және Құндыз провинцияларымен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниетті. Бұл мәселе Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің аталған провинциялардың басшыларымен кездесулері барысында талқыланды.
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан үшін Герат пен Құндыз Ауғанстандағы ең маңызды сауда серіктестерінің қатарына жатады. Тараптар көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, тауар айналымын ұлғайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Герат провинциясының губернаторы Нұр Ахмад Исламжармен өткен кездесуде өңірлік логистиканы дамыту және өзара сауданы арттыру мәселелері көтерілді. Қазақстан тарапы Тургунди – Герат теміржол жобасын ілгерілетуге мүдделі екенін растады. Сонымен қатар Хаф – Герат теміржол желісінің құрылысы аяқталуға жақын, оған қазақстандық компаниялар да қатысып жатыр.
Қазақстан Ауғанстаннан жеміс-көкөніс өнімдерінің импортын ұлғайтуды ұсынса, өз кезегінде ұн жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін мәлімдеді. Биыл көктемде Қазақстанның Гераттағы сауда үйінің қолдауымен қазақстандық ұн экспортын көздейтін екі келісімшарт жасалған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Герат қазақстандық өнімдерді Ауғанстан нарығына жеткізудің маңызды логистикалық орталығына айналуы мүмкін. Қазақстан әсіресе астық, ұн, өсімдік майы, құрылыс материалдары, металлургия өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы, химия және тыңайтқыштар экспортына қызығушылық танытып отыр.
Өз кезегінде Герат губернаторы Қазақстан аумағы арқылы, соның ішінде Ақтау порты арқылы ауған өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретін тиімді логистикалық дәліз қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Ал Құндыз провинциясының губернаторы Маулави Насрулла Матимен өткен кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ауған тарапы қазақстандық инвесторларды цемент зауытын салу жобасына қатысуға шақырды. Провинция басшылығы өңірде қажетті шикізат қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Құндыз кәсіпкерлері Қазақстаннан ұн мен күнбағыс майын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Тараптар жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және экспорттау үшін тоңазытқыш инфрақұрылымын дамыту қажеттігін де талқылады.
Кездесулер барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ықтимал жобаларға ерекше назар аударылды. Құндыз билігі минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын құруды жоспарлап отырғанын және бұл бағытта қазақстандық серіктестермен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.





