Қазақстан адам дамуы деңгейі бойынша ТМД және Орталық Азияда көш бастап тұр
Қазақстан Адам дамуы индексі (HDI) бойынша ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндамасына сәйкес, еліміз 193 мемлекет пен аумақтың ішінде 60-орынға жайғасып, адам дамуы деңгейі өте жоғары елдер тобына енді.
Қазақстанның Адам дамуы индексі – 0,837. Өңірдегі ең жоғары көрсеткіш дәл осы Қазақстанға тиесілі. Одан кейінгі орындарда:
-
Ресей – 64-орын (HDI – 0,832);
-
Беларусь – 65-орын (HDI – 0,824);
-
Армения – 69-орын (HDI – 0,811).
Қазақстанның жоғары көрсеткішіне халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын негізгі факторлар әсер етті. Атап айтқанда, күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Күтілетін оқу ұзақтығы – 14 жыл, ал орташа оқу ұзақтығы – 12,5 жыл. Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің дамып, сапалы білімге қолжетімділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін QS Best Student Cities 2027 рейтингі де растады. Алматы бірден 13 сатыға көтеріліп, 78-орынға, ал Астана 8 сатыға жоғарылап, 119-орынға тұрақтады. Осылайша, екі қала да Орталық Азиядағы студенттер үшін ең тартымды білім беру орталықтары мәртебесін сақтап қалды. Рейтингте қазақстандық қалалардың мықты университеттері мен жоғары білімнің қолжетімділігі ерекше аталған.
БҰҰДБ-ның Адам дамуы индексі елдердің даму деңгейін үш негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды: өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі және халықтың табыс деңгейі. Қазақстанның бұл рейтингтегі жоғары орны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты екенін және өңірдегі көшбасшылық позициясын нығайтып келе жатқанын көрсетеді.





