Қазақстан мен PGI Management Алматы тау-шаңғы туризмін дамыту мәселесін талқылады

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладоматпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тау-шаңғы туризмін, атап айтқанда Алматы тау кластерін дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар жаһандық туризм саласындағы үрдістер мен оның экономикалық өсімге әсерін сөз етті. Тау-шаңғы туризмі – таулы өңірлер мен елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды құрал екені атап өтілді.
Жоан Виладомат компанияның әлемнің түрлі елдеріндегі табысты жобалары туралы айтты. Олардың қатарында Давос, Куршевель, Вейл және Уистлер-Блэккомб сияқты танымал курорттар бар. 60 жылдан астам тарихы бар PGI Management 120-дан астам жобаны іске асырып, тау-шаңғы инфрақұрылымын дамытуда жаһандық көшбасшы атанды. Андорра мысалы келтірілді: 80 мың халқы бар елге бір жылда 9,6 млн турист келген.
Бүгінде Алматы тау кластерінде 41 шақырымдық шаңғы трассасы және 16 көтергіш бар. Бұл тәулігіне 6 мың адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Жыл сайынғы туристік ағын – 2 миллион адам, шамамен 2 мың маусымдық жұмыс орны құрылған. Инфрақұрылымды 227 шақырымға дейін ұлғайтып, көтергіштер санын 58-ге жеткізу арқылы өткізу қуатын 34 мың адамға дейін арттыруға және 10 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Жобаның есебіне сәйкес, 2029 жылға қарай тау кластері жылына 7,5 миллион туристі қабылдай алады.
Жобада инклюзия да маңызды бағыт ретінде белгіленді — балаларға қысқы спорт түрлері бойынша білім беру бағдарламаларын кеңейту және отбасылық демалысты дамыту жоспарлануда.
Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі жаһандық экономикалық жағдайда экономиканы әртараптандыру басты басымдық екенін атап өтті. Туризм өңдеуші өнеркәсіп, цифрландыру, көлік және логистикамен қатар жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналуы тиіс.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық стандарттарға сай туристік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін білдірді.