
2025 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев жасанды интеллектке арналған AlmatyFair.ai көрмесін аралады. Іс-шараның бас серіктесі – қазақстандық технологиялық компания Kaspi.kz, оның стенді қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырды.
Kaspi.kz негізін қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе екі ел басшыларына компанияның инновациялық шешімдерін таныстырды. Ол Kaspi.kz әзірлеген сервистердің әлемде теңдесі жоқ екенін және Қазақстанда заманауи технологияларды дамытуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, елдің цифрландыру тәжірибесі халықаралық инвесторлар мен технологиялық компаниялар арасында үлкен қызығушылық тудырып, Гарвард бизнес мектебінің студенттері Kaspi.kz кейстерін зерттеуде.
Kaspi.kz суперқосымшасындағы цифрлық мемлекеттік қызметтер
Бүгінде Kaspi.kz суперқосымшасын 14 миллионнан астам адам пайдаланады. Ең сұранысқа ие сервистердің бірі – "Мемлекеттік қызметтер", оны жыл сайын 10 миллионнан астам қазақстандық қолданады. Қосымшада жүргізуші куәлігін ауыстыру, автокөлікті қайта рәсімдеу, баланың туу туралы куәлігін алу, салық декларациясын толтыру, ЖК тіркеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру және басқа да көптеген қызметтерді пайдалануға болады.
Маңызды жаңалықтардың бірі – автокөлікті смартфон арқылы қайта рәсімдеу мүмкіндігі. Бұл процесс бірнеше күннің орнына бірнеше минутқа дейін қысқарды. Жылына Kaspi.kz суперқосымшасы арқылы 1,3 миллион осындай операция жүргізіледі.
Kaspi Картомат – әлемдік деңгейдегі инновация
Көрмеде таныстырылған тағы бір технологиялық жаңалық – Kaspi Картомат. Бұл құрылғы толығымен Қазақстанда жасалған және өндірілген. Михаил Ломтадзе оның мүмкіндіктерін небары 60 секунд ішінде көрсетіп, "Welcome to Kazakhstan" жазуы бар Kaspi Gold төлем картасын басып шығарды. Бұл өнім халықаралық технологиялық көрмелерде Қазақстанның визит картасына айналды.
Kaspi.kz – Қазақстанның жетекші технологиялық компаниясы
Kaspi.kz миссиясы – клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистерді әзірлеу. Инновациялардың өзегі – Kaspi.kz суперқосымшасы, оны 15 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады. Ол электронды коммерция, төлемдер, қаржылық және мемлекеттік қызметтер саласындағы жетекші сервистерді біріктіреді.
Kaspi.kz кәсіпкерлерге де арнайы шешімдер ұсынады. Kaspi Pay суперқосымшасын 700 мыңға жуық кәсіпкер қолданады. Ол бизнесті қаржыландыруға, төлемдерді қабылдауға, жарнамалық науқандарды бастауға, салық төлеуге, электронды коммерция және жеткізу платформасына қосылуға мүмкіндік береді.
Kaspi.kz-тің жоғары деңгейдегі цифрландыруы мен инновациялық шешімдері Гарвард бизнес мектебінде зерттеліп, компания кейстері бойынша бірнеше жыл бойы магистратура студенттері оқып келеді.
Дереккөз: Kapital.kz