2026 жылғы шілдеде Агенттікке қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты 15,1 мың өтініш түсті. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен 7,5%-ға аз.
Өтініштердің басым бөлігі банк секторына қатысты болды — 50%. Микроқаржы ұйымдарының үлесі 33,9%, ал коллекторлық агенттіктерге қатысты өтініштер 8,8% болды.
Сұрақтардың негізгі бөлігі қарыздарды реттеуге қатысты — 43%. Заңнама талаптарын түсіндіру бойынша өтініштер 18%, түрлі мәселелер бойынша кеңес алу жөніндегі өтініштер 10% үлесін құрады.
Заңнама бұзушылықтары анықталғаннан кейін Агенттік қаржы нарығы субъектілеріне 12 ұсынымдық қадағалау шарасын, 4 жазбаша нұсқама және 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 27 әкімшілік айыппұл салды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 13,9 млн теңгеге жетті.
Оның ішінде банктерге 6 ұсынымдық шара және 1 әкімшілік айыппұл, микроқаржы ұйымдарына 4 жазбаша нұсқама және 6 айыппұл қолданылды. Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарына 6 ұсынымдық шара және 16 айыппұл, ал коллекторлық ұйымдарға 4 әкімшілік айыппұл салынды.
Ипотекалық қарыз алушыларға қолдау
Қаржы реттеушісі жалғыз баспананы сақтауға және азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын үш бағыт бойынша жүзеге асырып келеді.
Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында 2004–2020 жылдары берілген ипотекалық қарыздар бойынша 33,3 мың несие 214,3 млрд теңгеге қайта қаржыландырылды.
Екінші бағыт бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастау және қайта қаржыландыру жүргізілді. Нәтижесінде 16,2 мың қарыздың жалпы сомасы 114,4 млрд теңгеге қайта қаралды.
Үшінші бағыт аясында әлеуметтік осал санаттарға жататын 10,6 мың қарыз алушыға 101,2 млрд теңге көлемінде қосымша қаржылық қолдау көрсетілді.
Қолдау шаралары қарыз көлемін азайтуды, жеңілдікті өтеу кестесін белгілеуді, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтаруды қамтиды.





