Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек, - деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ мәслихаттарға бюджет жобаларының кеш ұсынылуы депутаттардың жұмысын қиындататынын атап өтті.
– Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болады. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным – бәрі де халық үшін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





