Бізге жазылыңыз:

Газ стратегиясы кеңеюде: Қазақстан солтүстікті қамту үшін импорт көлемін арттырмақ

Газ стратегиясы кеңеюде: Қазақстан солтүстікті қамту үшін импорт көлемін арттырмақ

Қазақстан солтүстік өңірлер мен елорда — Астананы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін Ресейден жылына 6,3 млрд текше метрге дейін газ импорттау мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру аясында Ресей тарапының қатысуымен жаңа магистральдық газ құбырын салу жөнінде келіссөздер жалғасуда. Жоба «Сарыарқа» газ тасымалдау жүйесін Ресей аумағындағы Ишим қаласы — КС «Карасульская» ауданындағы инфрақұрылыммен байланыстыруды көздейді.

«Ел халқын табиғи газбен толық қамту мақсатында қазіргі уақытта Энергетика министрлігі солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесін пысықтауда. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Газпром» ААҚ арасында «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресей газ құбырымен Ишим қаласы — КС «Карасульская» ауданында байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл солтүстік өңірлерге және Астана қаласына табиғи газ жеткізуді қамтамасыз етіп, газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді», — деді Қ. Тұтқышбаев.

Вице-министрдің айтуынша, өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербургте өткен Петербург халықаралық газ форумының аясында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында жаңа магистральдық газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойылған. Құжатқа сәйкес, 2030 жылдан бастап жылына 6,3 млрд текше метрге дейін ресейлік газ импорттау көзделген.

Сонымен қатар Қазақстан ішкі газға деген сұраныстың артуын ескере отырып, жаңа инвестициялық жобаларды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Осы бағытта Үкімет «Самұрық-Қазына», «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен бірлесіп, 2035 жылға дейін көмірсутек шикізатының перспективалы кен орындарын игеру жоспарын бекітті.

Осылайша, Қазақстанның газ стратегиясы ішкі ресурстық базаны дамыту мен сыртқы жеткізілімдерді кеңейтуді қатар қамтып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және өңірлерді тұрақты газдандыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар