Карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында Қазақстан Ресей Федерациясына жалпы көлемі 6 тонна болатын жаңа піскен қияр партиясын кері қайтарды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, өнім заңнамада белгіленген тәртіп бойынша фитосанитариялық бақылау мен қадағалаудан өткізілмеген. Осыған байланысты жүкті кері қайтару туралы шешім қабылданған.
Министрлік фитосанитариялық талаптарды сақтау елдің карантиндік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті. Бұл шаралар карантиндік зиянкестер мен аурулардың ел аумағына енуі мен таралуының алдын алуға, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауға бағытталған.
Осыған байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға өсімдіктер карантині саласындағы талаптарды қатаң сақтап, барлық бақылау рәсімдерінен уақытылы өту қажеттігі ескертілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мемлекеттік шекара арқылы тасымалданатын карантиндік өнімдерге бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.





