Бізге жазылыңыз:

Энергетика министрлігі газ бағасының қымбаттауын түсіндірді

Энергетика министрлігі газ бағасының қымбаттауын түсіндірді

Қазақстанда 1 шілдеден бастап тауарлық газ бағасы 33%-ға дейін қымбаттауы ықтимал. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, тарифтердің өсуі алдағы жылыту маусымына дайындық жүргізу және газ инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігімен байланысты.

Сонымен қатар еліміздегі газ өндіру көлеміне де бірқатар фактор әсер етіп отыр. Соңғы айларда Теңіз секілді ірі кен орындарында өндірістік жұмыстардың уақытша тоқтауына байланысты газ өндіру төмендеген. Соған қарамастан ішкі нарықтағы сұраныс транзиттік газ есебінен қамтамасыз етілуде.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда газ тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну көлемі қосымша 1 млрд текше метрге ұлғаяды деп күтілуде.

Газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы республика бойынша 2 мың шақырымнан астам газ құбыры салынып, 94 елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде бүгінде 20,5 млн тұрғынның 13,1 миллионы көгілдір отынға қол жеткізген.

Алайда өңірлер арасындағы газдандыру деңгейінде айтарлықтай айырмашылық сақталып отыр. Батыс Қазақстан өңірлерінде, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында халықтың 90%-дан астамы газбен қамтылған. Ал Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш 60%-дан төмен.

Газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл республикалық бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен қосымша 32 мың адамды табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.

Ресми статистикаға сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 25,3 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға төмен.

Ұқсас материалдар