— Министрлік цифрлық құралдарды ұштастыра отырып, су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруда. Мұндай тәсіл экономиканың түрлі салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға және өмірлік маңызы бар ресурсты болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінде министрлік әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың су нысанын қамтып отыр. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық нысандардың 60%-ы бар. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам каналды цифрландыру және гидротехникалық нысандарды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар елдің бірыңғай су балансы қалыптастырылады. Бұл су шаруашылығы учаскелері бөлінісінде нақты су ағынын, су қоймаларындағы жинақ көлемін және суды тұтыну деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Гидротехникалық құрылысжайлар мен су нысандарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Ғарыштық мониторинг пен гидробекеттердің деректері интеграцияланып жатыр.





