
— Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Бөлшек саудадағы орташа баға да төмендеп жатыр. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 194 теңге болды. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.
Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.
— Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тонна және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды, — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.