Сонымен қатар ол шикізатты ішкі нарықта өңдеу механизмі заң жүзінде бекітіліп, отандық тауар өндірушілер мен шикізат жеткізушілердің кооперациясы бастау алғанын еске салды. Осындай кооперциялардың айқын мысалы ретінде «Қайнар» аккумулятор зауытын келтіруге болады.
- Ол қорғасынды «Қазцинк» компаниясынан жеңілдікпен сатып алып, өндірілген аккумуляторларды ішкі нарыққа да, экспортқа да шығарып жатыр. Сондай-ақ электротехникалық жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындар «Қазақмыс» пен «Қазақстан электролиз зауыты» өндіретін металдарды пайдаланады. «Qarmet» шығаратын металлопрокат «Silk Road Electronics» кәсіпорнына тұрмыстық техника өндіру үшін, сондай-ақ вагон жасау кәсіпорындарына жеткізіліп, оларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек металл өңдеуші кәсіпорындар мен кабель зауыттары арасында шикізат жеткізу жөнінде келісімдер жасалды, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қолайлы инвестициялық жағдайлар электротехникалық машина құрастыруды дамытуға ықпал етті. Мысалы, «Silk Road Electronics» және «Almaty turmystyq tehnika» зауыттарында өндіріс көлемі өсті. Былтыр «Silk Road Electronics» зауытында «Samsung» техникасы өндірісі іске қосылды.





