Қазақстанда үшінші елдерден қызанақ импортын уақытша шектеу жоспарланып отыр. Тиісті бұйрық жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Құжатқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден жеткізілетін өнімдер мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық транзитті қоспағанда, үшінші елдерден жаңа піскен немесе салқындатылған қызанақты ел аумағына барлық көлік түрімен әкелуге уақытша тыйым салу көзделген.
Министрліктің мәліметінше, бастама Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 5 маусымдағы шешімі негізінде әзірленген.
Жобаға сәйкес, шектеу 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады.
Ведомство бұл шараның негізгі мақсаты отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және ішкі нарықта өндірілген өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Құжат қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін белгіленген тәртіппен қаралады.





