ЖАҢАЛЫҚТАР
Екібастұздың инфрақұрылымын жаңартуға 25 млрд теңгеден аса бюджет қаржысы бағытталған
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі биыл Екібастұзға 25 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бағытталғанын хабарлады. Қаражат жылу желілерін жаңартуға, тұрғын үй салуға, әлеуметтік нысандарды жаңартуға және қаланы абаттандыруға мүмкіндік беріп отыр. Жылу магистральдарын қайта құру және жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады.Қала тарихындағы маңызды жобалардың бірі — орам ішіндегі аумақтарды жарықтандыру болды. Екі жыл бұрын Екібастұзда жүйелі аулаішілік жарықтандыру мүлдем болмаған еді. Барлық 279 ауланы, орам ішіндегі аумақтардың 50-ден астам учаскесін, сондай-ақ қаланың қалған 68 көшесін жарықпен қамту көзделген. Барлық жұмыс 6 кезеңге бөлінді. Бүгінгі таңда аулаішілік жарықтандыру бойынша жұмыстар аяқталып, жұмыстардың 77%-ы орындалды, — деп мәлімдеді облыс әкімдігінен.
Сондай-ақ шаһарда ЖЭО-дағы алты қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары аяқталып, № 2 және № 7 жылу магистральдарын қайта жаңарту жалғасып жатыр. Гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулардың басым көпшілігі жойылды. Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуді аяқтау және барлық мекеме бойынша дайындық актілерін ресімдеу жоспарланып отыр.