Бізге жазылыңыз:

Еңбек нарығындағы оң үрдіс: 200 мыңнан астам азамат жұмыс тапты

Еңбек нарығындағы оң үрдіс: 200 мыңнан астам азамат жұмыс тапты

Мансап орталықтары 200,4 мың азаматты жұмыспен қамтыды. Оның ішінде жастар, әйелдер және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда мансап орталықтарының көмегімен 200,4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұл еңбек нарығындағы оң динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді. Жұмысқа орналасқандардың қатарында 75 мың жас пен 81 мың әйел бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып, азаматтардың табысын арттыруға және еңбек әлеуетін нығайтуға бағытталған. Ұлттық жобалар мен өңірлерді дамыту жоспарлары аясында биыл 40,4 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Қазіргі уақытта олардың шамамен 8 мыңы ашылған.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды еңбек нарығына тартуға ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері мансап орталықтарының қызметімен 17,4 мың мүгедектігі бар азамат қамтылды. Оның ішінде 6,4 мың адам жұмысқа орналастырылса, 3,8 мыңнан астамы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтіп, Skills Enbek платформасында жаңа дағдыларды меңгерді.

Көпбалалы отбасыларды қолдау да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша жүгінген 17,2 мың адамның ішінде 6,1 мыңы тұрақты немесе мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.

Жұмыспен қамтудың тиімділігін арттыруда кәсіби бағдар беру маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері мұндай қызметтермен 170,6 мың адам қамтылса, олардың 138 мыңы жұмыс іздеп жүрген азаматтар болды.

Аталған жұмыстардың негізінде 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жатыр. Құжаттың басты мақсаты – сапалы жұмыс орындарының үлесін 2029 жылға қарай 45%-ға дейін жеткізу.

Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі көрсеткіштерден де байқалады. Егер 2024 жылы сапалы жұмыс орындарымен 2,47 млн адам қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 3,08 млн адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Осылайша, жұмыспен қамту саясаты тек жұмыс орындарының санын арттыруға ғана емес, олардың сапасын жақсартуға да басымдық беруде. Тұрақты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әлеуметтік кепілдіктер халықтың әл-ауқатын арттыру мен елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың негізгі факторлары ретінде қарастырылуда.

Ұқсас материалдар