Бізге жазылыңыз:

Еңбек министрлігі зиянды өндірістер үшін жаңа қолдау моделін әзірлеуде

Еңбек министрлігі зиянды өндірістер үшін жаңа қолдау моделін әзірлеуде

Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға берілетін әлеуметтік кепілдіктерді тағайындау тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Енді қолдау шаралары мамандық атауына емес, нақты кәсіби тәуекел деңгейіне байланысты ұсынылады.

Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Министрлік мәліметінше, бүгінде елде зиянды өндірістік ортада еңбек ететін 477 мыңға жуық адам бар.

Қазіргі жүйе бойынша мұндай қызметкерлерге алты түрлі әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Олардың қатарында қысқартылған жұмыс уақыты, қосымша еңбек демалысы, жалақыға үстемақы төлеу, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, сондай-ақ сүт және емдік-профилактикалық тағамдармен қамтамасыз ету шаралары бар.

Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Лязат Ақтаеваның айтуынша, соңғы бес жылда жұмыс берушілердің аталған кепілдіктерді қаржыландыруға жұмсаған шығындары екі еседен астам өсіп, 140,1 млрд теңгеден 310,9 млрд теңгеге жеткен.

Алайда қолданыстағы модельдің басты кемшілігі оның «тізімдік» қағидатқа негізделуінде. Яғни жеңілдіктер нақты еңбек жағдайына қарай емес, бекітілген кәсіптер тізімі бойынша беріледі. Бұл өз кезегінде түрлі салалардағы қызметкерлер арасында теңгерімсіздік туғызып, қолдау шараларын ұсынуда бірыңғай тәсілдің қалыптасуына кедергі келтіреді.

Осыған байланысты Еңбек министрлігі тәуекелге бағдарланған жаңа модельді енгізуді қарастырып жатыр. Жаңа жүйеде әлеуметтік кепілдіктер көлемі жұмыс орнының қауіптілік деңгейіне қарай белгіленеді. Кәсіби тәуекел деңгейі төмен, орташа, жоғары және өте жоғары санаттарға бөлінуі мүмкін.

Реформаның тағы бір маңызды бағыты – кәсіптер мен оларға тиесілі әлеуметтік кепілдіктердің бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру. Бұл шешімдерді автоматтандыруға, процестердің ашықтығын арттыруға және мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Министрлік ұсынған өзгерістер мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар өкілдері қатысатын Республикалық үшжақты комиссия алаңында талқыланатын болады.

Ұқсас материалдар