ЖАҢАЛЫҚТАР
Цифрландыру көлеңкелі экономикадан 28 млрд астам теңгені шығаруға мүмкіндік берді

Цифрлық шешімдер көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаражатты шығаруға, 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Жалпы тиімділік 51,3 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 20 есеге қысқарды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай төмендеді.
Салаларды цифрлық трансформациялау аясында QazTech ұлттық платформасы іске қосылды. Ол цифрлық өнімдерді жедел әзірлеуге арналған және жаңа ІТ-шешімдерді енгізу мерзімін бұрынғы 1,5-3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда QazTech базасында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-порталы, Smart Bridge жүйесі және Ұлттық экологиялық деректер қоры жұмыс істеп тұр.
«Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ он елдің қатарына кіреді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92 пайызын онлайн алуға болады», – деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.