ЖАҢАЛЫҚТАР
Брюссельде ҚР азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келіссөз өтеді
Тараптар Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық серіктестіктің он жылдық нәтижесін қорытындылап, оның болашақтағы дамуы жөніндегі көзқарасымен бөлісті.
Экономикалық байланыстар ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші болып қала беретіні расталды. Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы өзара тауар айналымы 50 млрд АҚШ долларына жақындады, ал еуропалық инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд АҚШ долларына жетті.
Елде еуропалық қатысуы бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Қазақ тарапы сауданы одан әрі әртараптандыруға дайын екенін білдіріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО нарығына қол жеткізуін кеңейтудің маңызын атап өтті.
Ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәліз») дамыту мәселесіне аударылды. Ғаламдық жеткізу тізбектерінің трансформациясын ескере отырып, тараптар бұл бағыттың Еуропа мен Азия арасындағы сенімді әрі тұрақты көлік дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын растады. Қазақстан бұл коридорды одан әрі дамыту үшін ЕО және өңірлік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Жеке бағыт ретінде «жасыл» және цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар бұл бағыттың Қазақстан экономикасының жаңғыртылуына және Еуропаның өнеркәсіптік тұрақтылығына бірдей үлес қосатын перспективалы сала екенін атап өтті.
Отырысқа қатысушылар парламенттік ынтымақтастықтың маңызын да атап өтіп, қараша айында Брюссельде өткен «ҚР – ЕО» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-ші отырысының табысты өткенін жоғары бағалады.
Адамдар арасындағы байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде ҚР азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастауды құптады.
Бұл қадам гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, студенттер, ғалымдар мен кәсіби мамандар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін арттыруға елеулі үлес қосады.
Өңіраралық ынтымақтастық тұрғысынан 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы саммитінде қабылданған тарихи шешім ерекше аталып өтті. Оның нәтижесінде бұл формат ресми түрде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Отырыс барысында делегация басшылары Қазақстан мен Еуропалық одақтың кемелденген, орнықты және болашаққа бағытталған серіктестік құра алғанын атап өтті. 29 негізгі өзара іс-қимыл бағытын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім осы жылдар ішінде өз тиімділігі мен өзектілігін көрсетіп, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтудың берік негізіне айналды.
Кездесу соңында Е.Көшербаев пен К.Каллас саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестицияларды дамытуға, өңірлік өзара байланысты арттыруға және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екенін растады.





