Қазақстанда даму институттарын трансформациялау аясында Бәйтерек холдингінің жұмысы қайта құрылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, холдинг құрылымында инвестициялық қызметті үйлестіретін арнайы Investment Board құрылған. Сонымен қатар төрт басым инвестициялық бағыт бойынша жаңа дирекция жұмысын бастады.
Жаңа құрылым келесі салаларға басымдық береді:
- агроөнеркәсіп кешені;
- тұрғын үй және құрылыс;
- тау-кен металлургия кешені, машина жасау, энергетика және мұнай өңдеу;
- көлік, туризм және цифрландыру.
Вице-министрдің сөзінше, дирекцияның негізгі міндеті — өңірлердің экономикалық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы инвестициялық жобаларды әзірлеу және оларды инвесторларға ұсыну.
— Дирекция өңірлердің басым бағыттарын ескере отырып, жобаларды сапалы дайындауға және оларды Kazakh Invest жүйесіне беруге жауапты болады, — деді Арман Қасенов.
Министрлік өкілінің айтуынша, бұл өзгерістер инвестициялық жобаларды іріктеу мен сүйемелдеу сапасын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа тәсіл өңірлердегі перспективалы жобаларды ерте кезеңнен анықтап, оларды қаржыландыру мен инвесторлар тарту жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған.





