Бізге жазылыңыз:

Биыл әуе көлігімен 26,6 млн жолаушы тасымалданған

Биыл әуе көлігімен 26,6 млн жолаушы тасымалданған
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, есептік кезеңде әуе көлігімен 26,6 млн жолаушы тасымалданған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға көп. Оның ішінде отандық әуе компаниялары 13,1 млн жолаушыға қызмет көрсеткен.

Әуежайларда өңделген жүк көлемі 140 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштің 23,8 мың тоннасы отандық әуе компанияларының үлесіне тиесілі.

Ішкі әуе қатынасы 60 бағытты қамтып, аптасына 821 рейс орындалды. Ал халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 131 бағытқа дейін кеңейіп, аптасына 616 рейс жүзеге асырылды.

- Авиациялық қауіпсіздік саласында да жоғары нәтижелер тіркелді. Қыркүйек айында Қазақстан аумағында ИКАО аудиті жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі 95,7 пайызды құрады. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен және Еуропа елдерінің орташа деңгейінен айтарлықтай жоғары. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша ИКАО-ның Еуразиялық өңірінде көшбасшылардың қатарына кірді, - делінген комитет дерегінде.
Сондай-ақ 2025 жылдың шілде айында ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді.

Әуе паркінің жаңартылуы да жалғасуда. Отандық әуекомпаниялардың паркі 12 жаңа ұшақпен толықты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында Air Astana мен Boeing арасында қосымша 15 Boeing 787–9 Dreamliner жеткізу туралы келісім жасалды. Бұл Қазақстанға, соның ішінде АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде Ақтау және Астана әуежайларының ұшу-қону жолақтарында жөндеу жұмыстары аяқталды. Балқаш әуежайының терминалын реконструкциялау соңғы кезеңге жетті. Сонымен қатар Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда, ал Арқалық әуежайының қызметін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Үкімет 2025-2031 жылдарға арналған азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Құжатта саланы реттеу, кадр даярлау және ғылыми зерттеулер бойынша стратегиялық бағыттар белгіленген.

Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мәселелері Мемлекет басшысы деңгейінде қаралып, саланың орта мерзімді дамуына арналған нақты міндеттер айқындалды.

Ұқсас материалдар