Бізге жазылыңыз:

Бектенов Қытаймен сауда, инвестиция және транзит мәселелерін талқылады

Бектенов Қытаймен сауда, инвестиция және транзит мәселелерін талқылады

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытайға жұмыс сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуі өтті. Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін қарастырды.

Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялық әріптестікті нығайту, агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистика және транзит салаларындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.

Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция аясында шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және заң үстемдігін күшейту бағытындағы реформалар жүзеге асырылып жатыр.

Премьер-министр Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың жаңа «алтын отызжылдық» кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді.

– Қазақстан мен Қытайды өзара құрмет пен қолдауға негізделген достық байланыстар біріктіреді. Бүгінде екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, ұзақмерзімді дамудың жаңа кезеңіне өтуде, – деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Ли Цян Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысында екіжақты тауар айналымы 48 млрд доллардан асып, Қытайдан тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,8 млрд долларды құрады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі сауда да қарқынды өсіп келеді. Өткен жылы бұл саладағы тауар айналымы 36%-ға артып, 1,9 млрд доллардан асты.

Көлік және логистика бағытында Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі құрлық дәлізі ретіндегі позициясын сақтап отыр. Республика аумағы арқылы екі өңір арасындағы жүк тасымалының 85%-дан астамы жүзеге асырылады. 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалы 11%-ға өсіп, 35,6 млн тоннаға жетті.

Далянь қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған сессияда сөз сөйлеген Олжас Бектенов Қазақстанның Еуразиядағы стратегиялық орналасуы 1,7 млрд тұтынушысы бар нарықтарға қолжетімділік беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы жеті жылда елдің көлік-транзит инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллардан астам инвестиция салынған. Осы кезеңде Ақтау контейнерлік хабы, Сиань құрғақ порты, «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдары сияқты ірі жобалар іске асырылды.

Үкімет басшысы «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамытудың бес негізгі бағытын атады. Олар – инфрақұрылымдық байланысты күшейту, Цифрлық орта дәлізді қалыптастыру, жасыл экономиканы дамыту, сондай-ақ сауда, инвестиция және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту.

Сессия барысында қатысушылар бастаманың халықаралық сауда бағыттарына, жеткізу тізбектеріне, цифрлық инфрақұрылымға және Еуразия кеңістігіндегі экономикалық интеграцияға ықпалын талқылады.

Ұқсас материалдар