Президенттің шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы мыс қорыту зауытын салу бойынша инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоба Қарағанды облысының Балқаш қаласында жүзеге асырылады. Жеке инвестиция көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2027 жылы басталып, зауытты 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа кәсіпорын жылына:
-
300 мың тонна катодты мыс;
-
10 тонна алтын;
-
300 тонна күміс;
-
1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіреді.
Жоба аясында 1 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ын қазақстандық мамандар құрайды, ал бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 95%-ға дейін өседі. Сонымен қатар инвестор Қарағанды облысындағы оқу орындарында 50 студентті даярлауды өз міндетіне алады.
Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін еліміздегі мыс шикізатын өңдеу көлемі 1,5 есеге артып, жылына 800 мың тоннадан асады. Қосылған құны жоғары өнім экспорты 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Кәсіпорын заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдермен жабдықталады.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы алты айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға өсті. Осы кезеңде Қазақстанда 232 мың тонна катодты мыс өндірілді.





