Бізге жазылыңыз:

Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 1,6 трлн теңгеге жетті

Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 1,6 трлн теңгеге жетті

Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және АӨК-ті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

 Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин баяндама жасады. Сонымен қатар жиында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері және аграршылар атынан «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко сөз сөйледі.

— Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс науқанының аяқталғаны туралы баяндады. Биыл 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Президент тапсырмасы бойынша жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқаптарын ұлғайта отырып, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға егілді. Шегірткеге қарсы күрес аясында биыл 2,2 млн гектар жер өңделеді. Бүгінде шамамен 665 мың гектарда зиянкестерге қарсы іс-шаралар аяқталды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданды: шаруалар 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, 2,3 млн тонна көлемінде тұқымға қажеттілік толық жабылды, 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.

Төрт айда ет өндірісі 338 мың тонна болды (+3,4%). Сиыр етін өндіру көлемі 112,9 мың тонна (+6,1%), қой еті 34,7 мың тонна (+8,1%), жылқы еті 41,2 мың тонна (+3,8%) болды.

Мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет ветеринариялық қызметті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр.

— Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар 9,1 млрд теңге сомасына шамамен 600 ветеринариялық нысан салды. Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды қосымша жарақтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Республикалық бюджеттен берілетін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде инфрақұрылымды дамытуға 66,2 млрд теңге бөлінді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі елеулі жетістікке әкелді — Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді, — деп баяндады Айдарбек Сапаров.

Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесі 51%-дан асты, бұл саланың қосылған құны жоғары өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда АӨК-тегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Соңғы 2 жылда қазіргі заманғы мал шаруашылығы кешендерінен бастап терең өңдеу кәсіпорындарына дейін 540 жаңа өндіріс пайдалануға берілді. Оның ішінде 89 мал шаруашылығы кешені, 70 тауарлы-сүт фермасы, 35 астық қоймасы, 35 көкөніс қоймасы, 16 құс фабрикасы, 11 жылыжай салынды, өсімдік майларын өндіру және терең өңдеу бойынша 12 жоба жүзеге асырылды. 2026 жылы техника паркін жаңарту қарқыны 8%-ға жетпек, бұл ретте парктің тозуы 65%-ға дейін төмендейді.

Ұқсас материалдар