Бізге жазылыңыз:

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына ҚҚС қайтару тәртібі сақталады

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына ҚҚС қайтару тәртібі сақталады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару тетігі қаралды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, талқылау барысында Салық кодексінің 484-бабында көзделген экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және кәсіпшілік балық аулау өнімдері бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға қысқарту нормасын алып тастау туралы шешім қабылданды.

Салалық қауымдастықтар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен экспорттаушылар толық көлемде ҚҚС қайтару мүмкіндігін сақтап қалу қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін қолдайтынын атап өтті.

Нәтижесінде экспорттаушылар үшін бұрынғы ҚҚС қайтару тетігі сақталады. Қайтаруға ұсынылған салық сомасының негізділігі «пирамида тәсілі» арқылы тексеріледі. Бұл әдіс өнімнің қозғалысын және салықтың төленуін өндірушіден бастап экспорттаушыға дейінгі барлық тізбек бойынша бақылауға мүмкіндік береді. Тексеру нәтижесі оң болған жағдайда экспорттаушы төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтара алады.

Сонымен қатар ҚҚС бойынша қолданыстағы жеңілдік те қайта қаралады. Бұған дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бюджетке төленетін ҚҚС сомасын азайту көлемі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған болатын. Енді экспорттық ҚҚС-ты қайтарудың бұрынғы тәртібі сақталғандықтан, жеңілдікті қайтадан 70% деңгейіне қайтару ұсынылып отыр.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп ҚҚС қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалану тетігін әзірлеуде. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Жаңа құрал экспорттаушылар үшін ҚҚС қайтару мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Цифрлық теңгені пайдалану ерікті негізде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер қолданыстағы тәртіп пен жаңа тетік арасында өздері таңдау жасай алады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, қабылданған шешімдер салалық қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен экспорттаушылардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Бұл тәсіл аграрлық секторды қолдаудың қолданыстағы шараларын сақтап, экспорттаушылар үшін тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар