Колонна этилен өндіру қондырғысының негізгі элементі болып табылады. Ал этилен – полиэтилен өндірісіндегі басты шикізат.
Құрылғы көлемі жағынан Қазақстанда өндірілген ең ірі өнеркәсіптік жабдықтардың бірі саналады. Оның биіктігі 101,8 метрді құрайды, бұл 30 қабатты ғимараттан да биік. Диаметрі – 7,5 метр, ал жалпы салмағы шамамен 1,5 мың тонна.
Аса ірі жүкті тасымалдау үшін жүктеменің осьтерге біркелкі бөлінуін қамтамасыз ететін арнайы өздігінен жүретін модульдік транспортер пайдаланылады. Бұл жол жабынының бүлінуіне жол бермей, рұқсат етілген жүктеме шегін сақтауға мүмкіндік береді.
Жабдық күндізгі уақытта сағатына шамамен 2–4 шақырым жылдамдықпен жеткізіледі. Өндіруші зауыттан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы құрылыс алаңына дейінгі бағыт уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген.
Осындай ауқымды әрі техникалық күрделі жабдықтың қазақстандық кәсіпорында жасалуы жергіліктендіру деңгейін арттырудағы маңызды қадам болды. Жоба отандық өндірушілердің құзыреті күшейіп келе жатқанын көрсетіп, қазақстандық компаниялардың елдегі ірі мұнай-газ химиясы жобаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.





