Астанада амбулаториялық деңгейде жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы жергілікті және республикалық бюджеттер, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жалғасып жатыр.
Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тегін берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі Денсаулық сақтау министрінің №75 бұйрығына сәйкес қалыптастырылады. Қазіргі таңда тізімге 95 нозология және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 502 атауы енгізілген.
2026 жылдың алғашқы бес айында 177 нозология бойынша шамамен 120 мың пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Осы мақсатқа 12,8 млрд теңге жұмсалған.
«2026 жылға белгіленген лимит шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге 34,4 млрд теңге көлемінде өтінім берілді», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар сирек кездесетін орфандық аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Биыл осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлініп, 64 нозология бойынша шамамен 2 мың пациент қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылмақ.
Басқарма мәліметінше, 2026 жылға бұл бағытқа қосымша 556 млн теңге бөлу ұсынылған. Аталған ұсынысты Астана қаласы мәслихатының депутаттары қолдап, тиісті шешім қабылдады.





